ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ С.МӘУЛЕНОВ АТЫНДАҒЫ ГИМНАЗИЯСЫ»КММ сайттына қош келдіңіз

Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның тарихы мен бүгінгі жетістіктері

Сырбай Мәуленов атындағы гимназия – Қостанай қаласындағы қазақ тілінде білім беретін іргелі білім ордаларының бірі. Өз тарихын 1990 жылы 14 қыркүйекте №24 бастауыш мектеп ретінде бастаған бұл оқу орны аз уақыт ішінде өсіп, дамып, жаңа деңгейге көтерілді. 1992 жылы мектеп негізгі мектеп мәртебесіне, ал 1996 жылы қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің есімі беріліп, ұлттық рухтағы білім беру ошағына айналды. 1997 жылдың 13 тамызында орта мектеп дәрежесіне ие болды. 2004 жылы 23 тамызда Қостанай қаласы әкімдігінің №1022 қаулысы негізінде Сырбай Мәуленов атындағы гимназия болып қайта құрылды.
Мектептің тарихында маңызды белестердің бірі – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай өңіріне сапары кезінде осы мектепке арнайы ат басын бұрып, гимназия атауының берілуі болды. Бұл оқиға – ұлы ақынның есімін ұлықтауға, мектептің мәртебесін арттыруға бағытталған тарихи сәт.
Сырбай Мәуленов атындағы гимназия – солтүстік өңірде қазақ тілін жаңғыртудың алғашқы бастамашыларының бірі болды. “Қостанай” газетінің 2011 жылғы 19 мамырдағы санында бұл мектептің ана тілінің қайта оралу жолындағы рөлі ерекше аталып өткен.
Білім ордасының қалыптасуына үлес қосқан ардақты ұстаздар – Серікпай Оспанов пен Ақылбек Шахметов, сондай-ақ ата-аналардың қолдауы мектептің сәтті ашылуына негіз болды. Гимназия қабырғасында ашылған мұражайда ақынның жеке заттары, құжаттары мен кітаптары сақтаулы, бұл оқушылар үшін рухани құндылықтың көзі болып табылады.
Уақыт өткен сайын гимназияның беделі артып, оқушылары түрлі салада биік белестерді бағындырып келеді. 2025 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, Сырбай Мәуленов атындағы гимназия “Үздік олимпиадалық мектеп – 2025” атағын иеленді. Бұл жетістік – білім сапасының, мұғалімдер еңбегінің және оқушылардың табандылығының дәлелі.
“Зерде” республикалық ғылыми жобалар байқауында гимназияның көптеген шәкірттері жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, “Алтын түлек” олимпиадасында математика пәнінен қалалық деңгейде бірнеше оқушы I, II, III орындарды иеленді.
Спорт саласында да гимназия оқушылары республика және халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, медальдармен оралып жүр. Футбол, гимнастика, тоғызқұмалақ, самбо, кудо, джиу-джитсу, қоян-қолтық ұрыс сынды түрлі спорт түрлерінен жүлделі орындар алынуда. Мәселен, Жұманазар Әділжан – КУДО және АРАШИ ММА бойынша Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, ал Ильясов Ерсұлтан – Азия чемпионы атанды.
Өнер мен мәдениет саласында да гимназия оқушылары биік нәтижелерге қол жеткізуде. “Іңкәр” би ансамблі “Жұлдыз” қалалық таланттар байқауында лауреат атанды. Сонымен қатар, алғашқы әскери дайындық, тоғызқұмалақ, “Болашақ сарбаз” әскери-спорттық ойыны секілді жарыстарда оқушылар I орын алып, мектеп намысын лайықты қорғауда.
Сырбай Мәуленов атындағы гимназия – тек білім беріп қана қоймай, шәкірттерін рухани кемелденуге, ұлттық құндылықтарды ардақтауға, жан-жақты дамуға жетелейтін ерекше орта. Бұл – кешегінің мұрасын бүгінгімен жалғап, болашаққа сеніммен қарайтын ұрпақ тәрбиелейтін шынайы білім ордасы.